Home Қоғам «20 мың»: Қазақстанда интимдік қызмет көрсететін ЖІГІТТЕР көбейіп кетті
Қоғам - 2020 ж. Қыркүйек 23

«20 мың»: Қазақстанда интимдік қызмет көрсететін ЖІГІТТЕР көбейіп кетті

Соңғы уақытта тәнін саудалайтын еркектер саны күрт артқан,- деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Еуразия-1  арнасына сілтеме жасап. Сауданың бұл түрімен ер азаматтар көбінесе әлеуметтік желілер мен танысу сайттарында айналысады екен.

«Естімеген елде көп» дегендей, өз тәнін сататын жігіттердің көбісі  18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар. Олар интимді қызметтеріне белгілі бір бағаны  да белгілеп қойған. Пандемияға қарамастан, сауданың бұл сорақы түрі қарқынды жүріп жатқан көрінеді. Өз тарапымыздан сондай жарнамалардың бірнешеуіне арнайы хабарласып көріп, төмендегідей жайтқа көз жеткіздік.

«Сізге интимді қызметтің кез келген түрін жасаймын. Бар болғаны уақытты белгілеп, ақшасын төлесеңіз болғаны. Бір сағаттық жұмысымның бағасы 15 мың теңге. Ал егер сізге баруым керек болса, 20 мың теңге болады», -дейді біз хабарласқан жарнаманың иесі. Аты-жөнін және бағасы неге сонша қымбат екенін сұрап  едік, « мені өзіңіз қалаған атпен атай берсеңіз болады. Ал бағаның қымбаттауы нарыққа байланысты ғой. Былтыр бес мың, он мыңға жұмыс істейтінбіз. Ал қазір карантин, бұрынғыдай клиент көп емес. Амал жоқ, осылай қымбаттатуға тура келді »,- деп күлді.

Ал бір сағаттық «жұмысын»  100 доллар деп бағалаған Нурик есімді жігіт: «Мен тек vip клиенттерге қызмет көрсетемін. Интимді қызмет көрсетуде тәжірибем өте көп. Содан болса керек, маған көбінесе шенеуніктер мен байшыкештердің әйелдері тапсырыс береді», -дейді. Нурик карантин кезінде тұрақты клиенттері үйлерінен шыға алмай қиналып, сол себепті осылай жарнама беруге мәжбүр болғанын айтады.

Бұлардан бөлек, сағатына 5 мың теңгені місе тұтатын жігіттер де бар екен. «Сізде неге арзан?» деген сұрағымызға: «Қазіргі кризиске байланысты осылай арзандатып, акция жасап отырмын»,- деген жауап алдық.

Осы мәселеге байланысты әлеуметтанушы Әйгерім АСЫЛХАН: «Әрине, біздің қазақы ұстанымымыз үшін еркектің бұлай ақша табуы өте ұят саналады. Тепсе, темір үзетін жігіттің жеңіл жолмен ақша табуға бет бұруы жақсы нәрсе емес. Десек те, тән саудасын ұсынған еркектердің бұл қадамға бекер бармайтын тұсын да ескеруіміз керек. Ең алдымен, мұндай сауда сұраныстың нәтижесінде пайда болғанын назарға алайық.

Сұраныс болмаса, қазіргідей жарнама қаптамас еді ғой, солай ма? Екіншіден, еркекті бұл жағдайға әлеуметтік тұрмыс итермелеуі мүмкін. Қалтасында қос дипломы болса да, сырт келбеті қанша тартымды болса да, лайықты жұмыс таппай қаншама жігіттер сандалып жүр. Неге? Сол баяғы жемқорлықтың салдары. Жақсы жұмысқа тұру үшін көкесі не ақшасы болмаса, қазіргі қоғамда өз орныңды табу қиын. Осыдан кейін не істемек керек? Ақша табудың осындай жолына қадам басады ғой. Десек те, тән саудасын қыздырып жүргендер арасында «еріккендер» де барын ескерейік. Қалай болғанда да, қазақ қоғамы мұндай сауданың түрін құптамасы анық», -деген пікірде.

Тәнін саудалайтын қыздарды «жезөкше», «жеңіл жүрісті қыз» дейді жұрт. Ал мұндай еркектерді қалай деп атаған жөн? Себебі, осындай да нәрсе бар екен, хабарларың бар ма  деп  құрбыларымызға сұрау салғанымызда, көбісі таңғалды, енді бірі күлкіге қарық болысты.

«Мұндай жағдай туралы былтыр естігенмін. Бір шенеуніктің әйелі үнемі осындай жігіттермен көңіл көтеріп, ақшасын төлейтінін құлағым шалып қалған. Сол кезде әрине, қатты таңғалдым. Алайда егер күйеуінің денсаулығында кінәрат болса, бәлкім әйелдердің осындай жігітке тапсырыс бергені де жөн шығар. Қанша дегенмен, табиғаттың заңдылығы ғой», -дейді дүкенде сатушы болып істейтін Алмагүл апай.

Өз тәнін саудалауға қатысты діндарлар қандай пікірде деген мақсатпен наиб имам  Мұхит БАҚЫТҰЛЫНА хабарласып көрдік. «Ислам дінінде тән саудасы лас тірлік саналады. Лұт пайғамбардың тұсында да адамдар осындай азғындыққа барып, гей, лесбиянка секілді құбылыстар жиі кездеседі екен. Сол тұста Алладан арнайы хабар жіберіліп, Лұт пайғамбарға бір түнде елін тастап, кетіп қалуға әмір етіледі.

Пайғамбар елінен алыстаған тұста артына бұрылып қараса, әлгінде ғана тіршілігі қызу жүріп жатқан жер күлге айналған дейді. «Жезөкше» еркек қоғамымыздың масқара тұсы деп санаймын. Бұл әрекетке барушыда да, сол қызметті тұтынушыда да ар ұяттың, адами қасиеттің қалмағанын көрсетсе керек. Меніңше, тамақ асыраудың бұл түрін таңдаудың күнәсі де жеңіл болмас. Ер азаматтарымыз атына лайық азаматтың жүгін көтеруі керек. Жеңіл жолмен келген ақша жұғын болмайды. Мені бір сұрақ қана мазалайды, тәнін сатқан ақшаны үйіне әкелген еркек баласына ақшаны қалай таптым деп айтпақ?!

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған