Ернар Айдар қой бағып жүр
Қазіргі уақытта әнші қазір Тараз қаласының маңындағы туған ауылында тұрып жатыр. Заңсыз ұтыс ойынын ұйымдастырғаны үшін үшін қамауға алынып, біраз уақыт сот ғимаратын «жағалаған» әнші Ернар Айдар ауылға кетіп, мал бағып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әнші қазір Тараз қаласының маңындағы туған ауылында тұрып жатыр. 365info.kz сайтының жазуынша, ауылға келгеніне біраз уақыт болса да, мегаполиске қайтуды ойына да алғысы келмейді. Қазіргі уақытта Ернар мал бағып, қозыларды тамақтандырып, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне қызу араласып кеткен. Әнші сонымен қатар, өзінің Instagram-аккаунтына көңіл бөлуді, жазба жазып, тікелей эфирге шығуды да қойған.
Естеріңізде болса, Ернар Айдар сәуір айында «карантин талаптарын сақтамады» деген айыппен қамауға алынған болатын. Артынша, әншінің карантин емес заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғаны үшін қамауға алынғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүрізіліп жатыр.
Әншінің айтуынша, өзі ешқандай заңсыз тірлік жасамаған. Тек алаяқтардың сөзіне алданып, заңсыз бизнестің жарнамасын жасап берген. «Сол тірлікке жарнама жасаймын деп мен де алданып қалдым, ағайын. Баршаңызға жақсылық тілеймін, барлығы әділ өтеді деген сенімдемін. Ұтыс ойынын ұйымдастырушылардың барлығы қамауға алынды. Қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу қашан аяқаталатыны белгісіз. Ал мен өз тарапымнан тергеу жұмысына, ойынға қатысты барлық мәліметті беріп қойғам. Күтейік, Алла қаласа тергеу аяқталып, бәрі жақсы болады. Билеттің ақшасын сұрап жатқан ағайынға: Менің ақшаға ешқандай қатысым жоқ. Сіздердің ақшаларыңыз ұйымдастырушыларда, ақшаға сол ұйымдастырушылар жауап береді. (Оспанов Азат, Темірбек Ернар) Қазірде ЭТД осы ұйымдастырушылардың үстінен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Менің бар шындығым, мен де сіздер сияқты алданып қалдым. Бұл нәрсе маған ауыр тиді. Себебі, қаның түгіл ойыңда жоқ нәрсе, саған келіп бәле болып жабысқан да не істеріңді білмей қалады екенсің. Инстаға көптен шықпағанымның да себебі сол. Әуелі Алла, ата-анам, аға-бауырларым, достарым жақын-жуық, туған-туыстар маған сенім білдіріп өз қолдауларын көрсетті», – деп жазған Ернар Айдардың өзі.