Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі алғашқы альбомы жарыққа шығады
Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің тұңғыш қазақша альбомы жарыққа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Карантинде елге келіп, ең алғашқы қазақша альбомымды жинақтаудың сәті түсті. Қасымдағы кісіні таныстырмаса да болады. Атақты Марқұм Батырхан ағамыздың репертуарындағы «Отан ана», «Сағым дүние», «Қайран көңіл-ай» сынды талғамы биік көрерменнің жүрегін жаулаған әндердің авторы, нағыз қазақ композиторларының ұстазы – Қуат ағамызбен студияда жұмыс барысында» деп жазды Димаш Құдайберген Instagram парақшасында. Әншінің айтуынша, ол композитор Қуат Шілдебаевпен 3 жылдан бері кездесе алмай келген. «Мен Бейжіңде жүргендіктен Қуат аға екеуміз 3 жыл бойы кездесе алмай енді ғана кездесудің сәті түсті. Осындай ұлы композитормен жұмыс жасаудың өзі үлкен бақыт қой» деп атап өтті орындаушы.
Еске сала кетейік, кеше Димаш Құдайберген мен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самекпен кездескен болатын.