Қарақат Әбілдина: Қазақстанда садақаны ең көп беретін – әншілер
Танымал әнші Қарақат Әбілдинаның әлеуметтік желідегі жазбасы қоғам ішінде қызу пікірталасқа себеп болды, – деп хабарлайды juldyzdar24.kz порталы.
Әншінің инстаграм парақшасында жарияланған жазбасын оқырман қауымға ұсынамыз.
«Біздің, әншілердің ватцапта ортақ чатымыз бар. Өнерге еңбегі сіңген нағыз майталман апайларымыздың көбі сонда. Қазір сол жердің ең өзекті мәселесі – әншілерге қатысты сын. Иә, отырсақ опақ, тұрсақ, сопақ болғанымыз рас. Қит етсе, бізді сынау әдетке айналды. Елдегі болып жатқан бар жағдайға әншілер кінәлі. Не істейміз енді? Еш шақыруға бармайық, концерт бермейік, әлеуметтік желіден көрінбейік пе? Қазір онсыз да бәрінен көңіліміз қайтты.
Негізінде, әншілер жарқырап жүрсе, өнер талабы сол емес пе? Сахна шартына сай жарқырап жүруге бар тапқан табысымызды саламыз, көрермен алдындағы жауапкершілік деген бар. Айыбымыз да осы шығар. Алайда бұл әншілердің төрт құбыласы тең дегенді білдірмейді ғой. Барлығымызда басымыздан асатын мәселе жетеді, ағайын-туысқа қарасамыз, бала-шаға бар. Басында баспанасы жоқ әріптестер қаншама!?
Бірақ, елдің алдында ешкім әлсіздігін көрсетпеуге тырысады. Онсыз да негатив көп заманда, ең болмаса, бізді көріп, халықтың көңілі жадырасын, еңсесі түспесін дейді. Ауырған баласын, жалмаңдаған кредитін т.б. сұрақтарды ойлап жүрегі жылап тұрса да, ел алдына күліп, жадырап шығатындары қанша?! Табыс тапсақ, ешкімнен тартып алып жатқанымыз жоқ, ұзақ жылғы еңбек, Алланың берген несібесі.
Қайырым-садақаны ең көп беретін де әншілер, бірақ, оның бәрін жариялап отчет беру міндет емес шығар!? Амалың Аллаға аян. Жұрттың бәрін жарылқау тағы мүмкін емес. Өкінішке орай, себепті-себепсіз әншілерге тіл тигізу көбейді. Бұл менің ғана емес, жоғарыда айтқан біраз өнер иелерінің назы деп түсінерсіздер. Сондықтан бір-бірімізді табаламай, осындай қиын кезеңнен ел болып бірге аман өтуді ойласақ екен.
Сын айтылмасын емес, жөнімен, әділ айтылса екен дейміз. Расында, қазақтың жауы әншілер емес қой. Роза Бағланова апаларымыз кезінде жауынгерлердің еңсесін көтеруге атсалысса, бүгінгі заманда біз де елді сабырға шакырып, көңіліне демеу болуға үлес қосудамыз. Бұл аяқасты жазылып отырған әңгіме емес, көптен бері қордаланған мәселе. Осы уақытқа дейін талай әділетсіз айыптауға көз жұмып келдік. Осылай жалғаса берсе бізге де, сізге де жақсы болмасы анық.
«Ашу дұшпан,ақыл дос». Ақылмен дос болайық! Ашуды ақылға жеңгізсек, нұр үстіне нұр болар. Назарларыңызға рақмет! Еліме амандық, жеріме тыныштық тіледім!», – деді Қарақат Әбілдина желідегі жазбасында.