Балаларын қазақша тәрбиелей алмаған кісілерді ұлттың зиялысы деп айтуға бола ма?
Жалпы зиялы дегеніміз ұлттың қаймағы, ұлттың бағдары, қазынасы, тәрбиешісі десе де болады.
Баяғыдан атамыз қазақ сөз ұстаған би шешендерін, қаракөктерін, тектілерін, игі жақсыларын зиялымыз деп басына көтерген. Сөздеріне бір кісідей ұйып, айтқандарынан шықпайды екен. Бағдар көрген, шамшырақ қылған екен.
Ал енді біздің Совет заманындағы зиялы – ақын – жазушыларымыздың бүгінгі балалары ана тілдерін білмейді.
Әрең сөйлейді, бұлардың бұндай тіл қабілеттерімен әке – аталарының халқына арнап жазған дүниелерін түпнұсқадан түсініп оқи алатынына күмәнім бар. Ол жайлы айту артық. Тек атағына ғана сырттай семірмесе…
Ең сорақысы, бұлардың арасында тіпті әнебір апаларымыздай ана тілінде сөйлейтін бауырларын іштей ұнатпайтындары да бар.
Мен ойлана келе осы сұраққа ақыры жауап таппадым;
Совет заманында балаларын жаппай орыс мектебіне беріп осындай ұрпақ тәрбиелеп шыққан, ұлт тәрбиешісі тұрмақ, үйіндегі балаларын да қазақша тәрбиелей алмаған кісілерді, ақын – жазушы, өнер адамдарын, бүгінде ұлттың зиялысы деп айтуға бола ма?
Егер оларды зиялы деп атауға болмаса, оларды несіне басымызға көтереміз?
Олжас Әбіл,
Фейсбуктегі парақшасынан