Жігер Аупбаев: Оңай шағылатын жаңғақ емес екенімізді дәлелдеген халықпыз
Отандық белгілі әнші Жігер Ауыпбаев қазақ халқының қазіргі басынан кешіп жатқан түрлі апаттар туралы сөз қозғай отырып, елді сабырға шақырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды juldyzdar24.kz.
«Тағдырдың талай қысыл-таяң қиын шақтарында тапқанынан жоғалтқаны басым Қазағым не кермеді дейсіз? Ұлт-азаттық көтерілістің соқыр шаңына көзіміздің жасы шыланған халықпыз. Орны толмас өкініш болған азалы да қаралы кезең, қасіретті апаттың бірі -1931-1933 жылдардағы ашаршылық нәубетін де бастан өткіздік. Ұлы Отан соғысына қаншама қазыналарымызды беріп керегеміз теңселіп, босағамыз босаса да шаңырағымызды құлатпай аяғымызға нық тұрған қайсар халықпыз.
Шыңнан төмен лақтырса да оңай шағылатын жаңғақ емес екенімізді дәлелдеген халықпыз. Жанымыз отқа тасталып суға батырылғанда да «қыңқ» етпеген халықпыз. Осынау тыныш заманда сынақтың үстіне сынақ көріп жатқан ҚАЗАҒЫМА: Уа Мейірімі шексіз Жаратқан Ием!
Қазағымның басына түскен сынақты жеңілдеткейсің… Оңтүстік өңірдегі аңқылдаған ақкөңіл ағайындардың көз жасын қуанышқа айналдыршы Раббым…!
«Ақиқатында, әр қиындықтың артында жеңілдік бар». (әл – Инширақ сүресі, 5-8 аяты.)-дегеніңдей жеңілдігіңді жедел нәсіп ете көрші.
Біз Сенің көмегіңе мұқтажбыз, Раббым», – деп жазды әнші.