Майғазиев пен белсенді соты: Жемқорлықпен күрес агенттігінің хаты оқылды
4 тамызда Шымкенттің Қаратау аудандық сотында қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиевтің тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен түсірген шағымы бойынша кезекті сот отырысы өтті, – деп хабарлады azattyq.org.
Сәрсенбі күні судья Момбек Әмірбеков жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатын оқып берді. Бұған дейін қорғау тарабының адвокаты соттан наурыз айындағы тексерістен кейін Майғазиев үстінен іс қозғалғаны-қозғалмағаны жөнінде біліп беруін сұраған еді.
Судяның хабарлауынша, департаменттен екі хат келген. Бірінде Шымкент қалалық мәдениет үйінің бұрынғы басшылары мен басқа да тұлғаларға қатысты Қылмыстық Кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» (189-бап) бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталғаны жазылған. Екінші хатта қалалық мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиевтің жеке өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалмағаны, процессуалдық шешім қабылданбағаны айтылған.
Майғазиевтің қорғаушылары соттан хаттың көшірмесін сұрады, жауапкер жақ үнсіз қалды.
Майғазиевтің өзі екінші рет сот процесіне келмеді. Оның қорғаушысы мәдениет үйі жетекшісінің келмеуін жаназаға кетуімен байланыстырды.
Сот Майғазиевтің тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен түсірген шағымын 15 шілдеде қарай бастаған. Әнші белсендіні «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп айыптайды. Ал белсенді айыппен келіспейді. Сот онлайн өтіп жатыр.
Майғазиевтің сотқа арыздануына Youtube арнасында наурыз және сәуір айларында шыққан екі видео түрткі болған. Онда «Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгенің дауы» жөнінде айтылады.
Шағым беруші атап айтқанда, видеодағы төрт сөйлемге (атап айтқанда, «мемлекет тарапынан бөлінген 565 млн теңгені жоқ қылды», «жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық», «жемқор» т.б ) наразы. Шағым беруші соттан Дүйсебаеваны қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруді және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауды міндеттеуін сұраған.
Шілде ортасында белсенді Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізіп, «565 млн теңгенің есебін сұрағаным үшін істі болдым, әншінің ары таза болса, соттасқанша халық алдында есеп берсін» деп мәлімдеген.
Осыған дейін «Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен 565 млн теңге бөлінгені» жайлы ақпарат тарап, қоғамда дау туғызған. Шымкент қаласының әкімдігі ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қалалық мәдениет үйінің жетекшісі Сәкен Майғазиев «Наурыз шараларына ары кеткенде 180 миллион теңгенің ары жақ, бері жағындағы ақша жұмсалды. 565 миллион теңге емес» деп мәлімдеген. Ол «тексеру жұмыстары жүргізіліп, олқылық табылмады» деп айтқан.
Дегенмен мемлекеттік сатып алу сайты дерегіне қарағанда, наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 180 млн теңгеден анағұрлым көп.