Сүйінші! Тағы бір қазақ актері Канн кинофестивалінің жүлдесін иеленді
Қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров Канн кинофестивалінде «Азияның ең үздік актері» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Актер режиссер Эли Гилманның «Күнбағыс» фильміндегі рөлі үшін «Азияның ең үздік актері» атанды.
Бұл менің жеңісім ғана емес, сонымен қатар режиссер Эля Гильманмен бірге бүкіл түсірілім тобының жеңісі. Құттықтауларыңыз үшін рахмет, бәрін оқып үлгермей жатырмын. Барлығыңызға көп рахмет, – деп жазды актер өзінің Инстаграмында.
Дайыров көрерменге «Анаға апарар жол», «Әміре», «Тобыл», «Бауыржан Момышұлы» және «Балуан Шолақ» фильмдерінен таныс.
Еркебұлан Дайыров 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. 2006 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері.
Айта кетсек, 2018 жылы жерлесіміз Самал Еслямова Канн кинофестивалінің «Ең үздік әйел образы» үшін жүлдеге ие болған. Ол ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде Қырғызстаннан Мәскеуге келген мигрант әйелдің рөлін сомдаған еді.