Марат Бисенғалиев: Бораттың авторы – менің досым
– Сіз Эрран Барон Коэнмен бірлесіп жұмыс істедіңіз. Эрран өзінің туған інісі Саша Барон Коэннің Қазақстан туралы «туындысын» көріп пе?
– Эрран «Бораттың» авторларының бірі ғой. Осы фильмге музыка жазған, фильмдегі Қазақстанның «әнұранын» жазған. Және «Бруно», «Диктатор» сияқты Саша Барон Коэннің басқа фильмдеріне музыка жазған адам.
&ndash Ендеше «Бораттың» авторларының бірінен «Қазақстанда не ақыларыңыз бар?» деп сұраған жоқсыз ба?
&ndash Сұрадым, әрине. Тіпті осыны сұрау үшін арнайы іздеп жүріп таныстым да. Бұл тақырыпта Эрраннан сұхбат та алдым. Бірақ онымен сөйлесу қиын, қандай сұрақ қойсаң да қалжыңға сүйеп, тайқып кетеді. Біздің алғашқы кездесуіміз Лестер сквердегі стейк хауста болды. «Боратты» көрген соң намыстанып, «Не істеуге болады?» деп ойладым. Ең дұрысы &ndash фильмнің авторларымен тікелей пікірлесу керек деп шештім. Саша Барон Коэнның өзін табу қиын болды, ағасы музыкант екенін білгенде телефонын тауып алып, сөйлестім. Кездесуге келіскеніне де таңғалдым. Бірден: «Сізге қазақ тақырыбында тапсырыс беріп, музыка жаздырғым келеді. Оны Sony компаниясы шығаруға келісіп отыр», &ndash дедім. Кездесуге «Sony» компаниясының басшысы Крис Крекермен келдім. Әрине, Эрран келісті. Бірақ келе сала күдіктене қарап, төңіректен дыбыс жазатын құрылғылар іздеді, сосын: «басқа бір үстелге отырайықшы», &ndash деді. Орын ауыстырып едік, сонда да тынымсызданып, отыра алмады. Ақыры: «басқа орын таңдаңыз» дедім. Жолдың арғы бетіндегі мейрамханаға бардық. Сол кезде ғана ол зейін қойып тыңдап, тапсырысты алды. Кейін ол жазған «Зере» Лондонда үлкен қызығушылықпен қабылданды. Алматыда екі рет орындадым, америкалық РВS компаниясы келіп, деректі фильм жасады. Ол «О, Қазақстан!» деген атпен интернетте әлі де бар. Өкініштісі, Эрранның өзін Қазақстанға келуге көндіре алмадым, ол түсінікті жағдай, мұнда келуге қорқады. Бірақ Эрранмен достығымыздың арқасында Саша Барон Коэн әдеби образынан бас тартты. Содан былай шоу-бағдарламаларында Борат болып шықпайтын болды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс болатын. Өйткені Борат &ndash Коэннің ең табысты образы. Али Джи де, Аладин да, Бруно да емес. Бірақ шындап келгенде «Борат» арқылы ол Қазақстанды емес, америкалықтарды, олардың топастығын келемеждеп отыр. Эрран айтпақшы, Қазақстанды random kanji, яғни кездейсоқ таңдап алған. Олар о баста Өзбекстанды алғысы келіпті. Бірақ «Өзбекстанды» айту қиын. Ақыры Қазақстан деген әдемі естіледі деп, соған тоқтапты. Бұл ел батыста соншалықты бейтаныс деп ойлады да, қателесті. Бірақ осы резонанс жаман болған жоқ. Ағылшындардың any publicity is good publicity дегені дұрыс. Көпшілікте «Қазақстан деген не?» деген қызығушылық туды. Және фильмнің гротескілі түсірілгені соншалық, саналы адамдар оған шындап мән берген емес.
&ndash Біз көргенде шындап мән бердік. Сіз қалай қабылдадыңыз?
&ndash Коэн фильмге дейін біраз уақыт бұрын Ұлыбританияның «Channel 4» арнасында осы имиджді пайдалана бастады. Алдымен Али Джи шықты. Сосын Борат пайда болды. «Али Джи шоу» бағдарламасында Борат қазақстандық журналист болып шығып, ағылшындардан сұхбат алатын. «Мен Қазақстаннан едім, білгім келгені…» деп бастап, топастау сұрақтар қойып, ағылшындардың өздерін мазақ қылатын. Сөйте тұра ағылшындардың снобизмін, институциялық расизмін сығып алатын. Бұл расизм ағылшындарда да, америкалықтарда да бар. Қарапайым америкалықтар өздерін жердің кіндігі санайды, бірақ онысын керемет жасыра біледі. Бораттың сұхбаттарында осы жасырын сезімдер бір сәтте-ақ жария болып қалатын. Сонау 2000 жылы, «Борат» фильмі түсірілмей тұрып, осы «Channel 4»-тің бағдарламасын көріп қалдым. Бұл менің намысыма тиіп, тіпті бір бағдарламасын дискіге жазып алғаным бар. Бұған қалай да тоқтау қою керек деп, осы мәселені өзіміздің билікпен талқылағым да келді. Бірақ мұндағылар мән бере қоймады. Әрине, менің басқа жұмысым болмаса, соның түбіне түсіп, қажетті адамдармен кездесуіме болатын еді. Фильм шыққанда солай етпегеніме өкіндім және бұған қалай қарсылық көрсетуге болады деп тағы ойладым. Ең нашар жол кеуде соғып, сотқа жүгіру. Құдайға шүкір, Қазақстан олай істеген жоқ. Президент Боратты қонаққа шақырып, тіпті «менің қонағым болсын», &ndash деді. Мәсімов те Вашингтонда қалжыңдай салғаны бар. Байқасаңыз, ұлы ұлттар өзіне өзі күлгенді жақсы көреді. Шотландтар, еврейлер өздері туралы жиі әзілдейді. Бірақ ұлттық намысы жоқ дей алмайсыз ғой?
«Халық сөзі» газеті, №99-100. 14.12.2012