Қазақ полициясы орысша білмесе сүміреймеуі керек!
Қазақ полициясы орысша білмесе сүміреймеуі керек! Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтардың полицейлерге ауыза келгенін айтып, балағаттағаны кез-келген адамның шамына тиеді. Үш күннен бері ел талқысына түскен видеодағы полицейлердің орысша сөйлей алмай қысылып тұрғанын байқау қиын емес. Жалпы орыс тілді азаматтардың осы тілді аса жетік меңгермеген құқық қорғаушыларға едіреңдеп, провакациялық сауалдар қойып, әдейі сүрінсе екен деп әжуалайтын видеолары жиілеп барады. Сөзім дәлелді болу үшін ғаламторды бір сапырып шықсаңыз жеткілікті. Енді заңға қарап көрейік, ҚР Тіл туралы заңының 12 бабында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттiк тiлдiң және орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi. Мұнда тек орыс тілінде жауап бер деген сөз жоқ. Яғни мемлекеттік тілде жауап беруіңізге шектеу қойылмаған. Енді осы заңның 11 бабында «мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледі» деп тұр. Дегенмен орыс тілділердің сүйенетіні мемлекеттік тіл туралы заңның 5 бабы. Онда «мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілген. Алайда бұл полицейлердің орыс тілін жетік білмесе оған сол тілде жауап беруге міндетті дегенін білдірмейді. Себебі тілді білмей жатсаңыз сізді әлдебіреудің мазақтап, масқаралауы заңмен қудаланады. Тіл туралы заңның 7 бабында «тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi» деп жазылған. Яғни полицейлердің орыс тілін білмесе қысылмай қымтырылмай қазақ тілінде қызмет көрсетуіне болады. Айналып келгенде қазастандық полицияның қазақ тілінде сөйлейтін кезі келді. Сізді түсінбеген адамға аудармашы шақыртыңыз. Сотта заң бұзушы арқылы аудармашының ақшасын да шығарып алуға болады. Сүмірейіп, жәутеңдеудің қажеті жоқ.
Ерқанат Көпжасарұлы,
Фейсбук парақшасынан