Мына ұзаққа созылып бара жатқан қытай індетінен қорғану үшін жарияланған карантин басқаларды қайдам, менің жүйкеме тие бастады. Ана «нағыз қазақстандық» телеарналардың қай-қайсысын қоса қалсаң да көретінің ойын-сауық, бітпейтін концерт, жыртылып айрылатын аузы-бастарын қисаңдатқыш сайқымазақтар. Оларды аз десеңіз, мына елді сабырға шақырғыштар да сол әртіссымақтар. Әншілердің барлығы дерлік фонограмма жампоздары, дәстүрлі қазақ әндеріне орын жоқ.
Аналарға қарап тұрып, құсқың келеді, жүрегің айниды, бір жаққа безіп кеткің келеді.
Мына Қазақстанда әртіссымақтардан басқа мамандық иелері жоқ па деген сұрақ туады. Қазақтан шыққан әр сала оқымыстылары мен ғалымдары, жағымпаз емес таза шындықты айтып жүрген қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, таза еңбек адамдарын жер жұтып кеткен бе?
Телеарна басшылары әртіссымақтарға неге құмар?
Ана әртіссымақтардың концерттеріне қатысып отырған көрермендердің неге мәз болатындарын түсінуден қалдым. «НұрОтан» ұйымдастыратын ақындар айтысы да көкейге қона бермейді.
Ана жоғарыдағы «мәңгілік құдай».: «қазақтардың миын су қылып, ақылынан адастырыңдар. Сонда олардың жерін қытайға оңай береміз, құл жасаймыз, қытайша сөйлетеміз…» деп тапсырма беріп қойған ба?
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…»(Аб»ай), сонымен біз қазақтардың салмақты ұлт болудан қалып бара жатқанымыз ба шынымен?..
Жұмаш Көкбөрі