Кеше Парламент Мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданғаны мәлім.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізуге қатысты мемлекеттік тілде бірқатар сұрақтар қойды.

Өзге ұлт өкілі, Парламент депутатының мемлекеттік тілдегі сұрағына вице-министр Асхат Оразбек мырза мемлекеттік тілде емес… Ресейдің тілінде жауап бергені өте сорақы жағдай болды… Және кейбіреулердей рұқсат та сұраған жоқ, кәдімгі өз мемлекетінің мемлекеттік тілінде сөйлеп тұрғандай бетінің бүлк етер түрі жоқ, судыратып тұр…

Ойына ештеңе кіріп-шықпай тұрған оның сазайын спикер берді… Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бермеген вице-министр Асхат Оразбекті (суретте) қатты сынға алды:

– Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ та, басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап тұрғанда, Сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес – деді, спикер қазақша білмейтін қазақ вице-министріне қадалып тұрып.

Мемлекеттік тілді құрметтеп, мемлекеттік мүддені қорғап отырған Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелянға мың да бір алғыс айтамыз.

Наринэ Микаелян 2018 жылы 21 қаңтарда да Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндамасын түгел қазақ тілінде жасап шыққан болатын. Сол кезде де, Микаелян баяндамасын жасап болған соң мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:

«Рахмет. Жарайсың, Наринэ Гамлетовна! Меніңше, көптеген азаматтарға жақсы үлгі көрсетті. Әсіресе, сол жақта отырғандарға», — деген еді.

Ал сол жақта заң жобасы бойынша баяндама жасап, депутаттар сұрақтарына көбінесе орыс тілінде жауап беретін Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері отыратын.

Иә, шынында да, Мәжіліс төрағасы айтқандай, біздің қазақшадан қашатын министр, әкім, депутаттарымыз Наринэ Микалелян секілді қадірлі депутатымыздан үлгі алуы тиіс.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің үнемі министрлерден мемлекеттік тілді талап етіп отыратынын қуана қолдаймыз. Талабы тастай спикердің сонымен қатар кейбір өз ісіне жауапсыз қараған вице-министрлерді «дайындалып келіңіз» деп, парламенттен қуып жібергенін де ұмытқан жоқпыз. Негізі, Ресей тілінде сөйлейтін, Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді, министрлер, әкімдер, депутаттарды, көпшілікпен жұмыс істейтін орын қызметкерлерін орындарынан алу керек! Олардың орнына Мемлекеттік тілде сөйлейтін – Мемлекеттік мүддені қорғайтын ұлттық намысы бар, білікті қызметкерлер бару керек!

Өзге ұлт өкілі Қазақша сөйлегенде, мемлекеттік тілді білмеген мемлекеттік қызметкерлер, Оразбектер опа таптыра ма?!. Мұндай мемлекеттік тілді – мемлекет мүддесін табанға таптаған мемлекеттік қызметкерлердің бәрі орындарынан кетуі керек! Ол үшін Парламентіміз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында ұсынғанымыздай, Мемлекеттік тіл туралы заңымызды биыл кешіктірмей қабылдауы тиіс! Өйткені, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі – Ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдегені мәлім.

Парламенттің өзінде мемлекеттік тіліміздің үстінен ат айдап, аттап өткен бұндай оқиға жалғыз бұл емес.

«Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін» дегендей, әріден бастасақ, осыдан 18 жыл бұрын, 2002 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!» деп, анау-мынау емес, парламенттің алдында мәлімдегенде біздің сол кездегі солқылдақ парламент: „Қазақ тіліне миың жетпесе, қалай қазақ министрі боласың, орныңды босат!?” деп айта алған жоқ. Өйткені, парламентте де өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтіндер, сондықтан қазақ тіліне қарсылар аз емес еді… Бұл оқиға туралы біз сол кезде «Қазақ үні» газетінде «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..» деген мақала жазған едік.

Сол Ерлан Ыдырысовымыз өзі айтқандай, қазір миын ауыстырды ма, немесе қазақ тілін үйренді ме, белгісіз, бірақ мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттің екі рет министрі болды!?. Қазір екінші рет өзі жақсы білетін ағылшын тіліндегі ел -Ұлыбританияда Елші болып жүр?!.

Осыдан төрт жыл бұрын, 2016 жылы 16 мамыр күні Парламентке келген ҚР Ішкі Істер министрі Қалмұханбет Қасымов та өзіне Қазақстанның мемлекеттік тілінде сұрақ қойған Мәжіліс депутаты Генадий Шиповскихтің сауалына Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап берген еді…

Сол кезде де біз «Қазақ үні» газетінде : «МИНИСТР ЗАҢ мен ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА БАҒЫНБАЙ МА?» атты мақалада жазып едік:

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 4 бабына сәйкес — Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар
мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға міндетті.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 11 бабы бойынша «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi».

Ендеше:

1.Парламент қабырғасында Мәжіліс депутатының қазақша сұрағына орысша жауап берген;

2.Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабы мен Қазақстан Республикасы «Тілдер туралы Заңының» 4,11 баптарын бұзған,

3.ҚР Президенті тапсырмасын орындамаған;

4.Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді кемсітіп, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қайшы әрекет жасаған Ішкі істер министрі Қ.Қасымов орнынан алынуы керек.

Жоқ, біздің заңдарымыз бен Елбасының ерекше тапсырмалары Ресей тілінде сөйлегендерге жүрмей ме?»-деп, нақты атап көрсетіп, журналистік сауал жасаған болатынбыз…

Экономика министрі болып келген Тимур Сүлейменовтің де парламентте қазақша сөйлей алмай: «Мәскеуде 5 жыл оқып, қазақ тілін ұмытып қалдым, келесіде қазақша сөйлеймін» дегенін ел бірақ ұмытқан жоқ… Бірақ оның кейін парламентте қазақ тілінде баяндама жасағанын баса айта кетуге тиіспіз.

Айтсақ, айтқандай-ақ, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов заң мен Елбасы талабына сай орнынан түспек түгілі, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы болып, жоғарылап кеткенін көрген министрліктегі қазақ тілін білмейтін қаптаған оразбектер мемлекеттік тілді менсіне қойсын ба? «Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» дегендей, мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметтегі лауазымды шенеуніктер шеруі бұнымен тоқтай қояр ма екен?!.

Заң шығару билігі тізгінін нық ұстап отырған, мемлекетшіл салмақты саясаткер Нұрлан Нығматуллин лауазымды қызметтік статусы бойынша мемлекеттегі үшінші тұлға! Ендеше, Үкімет Ресей тілінде сөйлейтін, мемлекеттік тілге миы жетпейтін министр, вице-министрлерін Қазақ парламентіне топырлатып жібере бермей, Парламент Мәжілісі төрағасының өткір сынынан қорытынды шығаратын уақыты жетті!

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі

«Қазақ үні» газеті

Qazaquni.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған