Home Басты Қазыбек Иса: Шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар жауап беретін кезі келді!
Басты - Қоғам - 2023 ж. Сәуір 7

Қазыбек Иса: Шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар жауап беретін кезі келді!

✅Сепаратизмге Алаш ұлттық идеясы жол бермейді! Ұлттық идеологиялық Концепция қабылдануы тиіс!

✅Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыру керек!

✅Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм уын себетін шет елдік телеарналар, сайттар тоқтатылуы тиіс!

✅Шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар жауап беретін кезі келді!

✅Бір тілде ғана сөйлеген ел біртұтас болады!

✅Атазаңына ата-бабасын аштықпен де, қастықпен де қырған, келмеске кеткен кеңес империясының, өзін жүздеген жыл отарлап алған елдің тілін жазып қою – қандай Тәуелсіздік!?.

Бұл туралы бүгін өткен Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мәлімдеді. Ол Петропавл қаласындағы сепаратистік топты қатаң жазаға тартуды талап етіп, Петропавл мен Павлодар қалаларына еліміз атап жүрген тарихи атауларды қайтаруды көтерді.

***

ҚР Премьер-министрі Ә. Смайыловқа;

ҚР Бас прокуроры Б.Асыловқа;

ҚР ҰҚК төрағасы Е. Сағынбаевқа

Биыл 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист “Халықтық кеңес” ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады.

Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары “қылмыстық іс қозғалды” деген болар-болмас хабар таратты.… Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген?

Қылмыстық Кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай, үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен марғасқа Марғұлан Боранбай үш жылдан бері тастүрмеде жатыр…

Қазір ҰЛТШЫЛДЫҚПЕН ЕМЕС – ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!

Бас прокуратура мен ҰҚҚ шұғыл шаралар қабылдауы керек. Ең басты қасиетті құндылығымыз -Тәуелсіздік пен Ұлттық тұтастықты қорғау – ең басты ұлттық міндетіміз!

Жарылғыш затты жасырып қойғанмен жарылмай қалмайды, оны залалсыздандыруы керек! Ол үшін Тәуелсіздіктің қорғаны – Ұлттық идеология болуы керек. 2012 жылы Алаш бағдарламасын қабылдаған «Ақ жол» партиясы ұсынғандай, Ұлттық идеямыз – Алаш идеясы болуы керек. Біз көтерген «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге әлі де әкімдер қарсы болып отыр.. Дегенмен, алда қала көшелері Алаш шеруімен толқитын күн келеріне сенеміз.

Ұлттық идеология жемісті болуы үшін ең алдымен Ұлттық Ақпараттық қауіпсіздік қажет!

Тәуелсіздік идеясына қарсы, сепаратизм уын себетін шет елдік телеарналар, сайттар тоқтатылуы тиіс!

Біз талай рет Петропавл мен Павлодарға еліміз атап келген тарихи аттарын қайтаруды ұсынғанымызда билік бізді қолдамады. Енді міне, жасырған ауыруымыз асқынғанын көріп отырмыз.

”Бос жатқан жер жау шақырады” деген атам қазақ! Кеңбайтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз – шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді!

Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын, егер өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса? Бұған кінәлі әкімдер орындарында әлі отыр былқ етпей…

Қазіргідей геосаяси жағдай қиын кезде ең алдымен ел ынтымағы керек. «Ұлттық қауіпсіздік Мемлекеттік тілден басталады» деп Президент Қ.Тоқаев тура айтқандай, енді тек сөзден іске көшетін уақыт жетті!

Халықты біртұтас етіп біріктіруші ұлттық идеологиямыз – Мемлекеттік тіліміз болуы тиіс! Өйткені, Ұлттық идеология, патриоттық тәрбие ең алдымен Мемлекеттік тіл арқылы беріледі! Бір тілде ғана сөйлеген ел біртұтас болады!

Атазаңына ата-бабасын аштықпен де, қастықпен де қырған, келмеске кеткен кеңес империясының, өзін жүздеген жыл отарлап алған елдің тілін жазып қою – қандай Тәуелсіздік!?.

Елді бірұлттандыру саясаты тілден басталады. Бұны еліміздегі этностардың бәрі де қолдауда. Халық ассамблеясы мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау туралы Үндеу жасағанына үш жыл өтті, биліктің тосқауылы әлі тоқтар емес!?.

Солтүстіктегі мәслихат депутаты, «Ақ жолдық» Евгений Кинцельдің еліміздегі этностарды бірлікке шақырып, “Біз бәріміз қазақпыз” деген сөзі бәріне үлгі болуы керек.

Ал мәслихат сессиясын қазақ тілінде өткізуді ұсынған Өскемендік депутат Надежда Шушаникованың «Біз Қазақ елінде тұрамыз, Мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақ тілінде өтуі тиіс»-деген талабын барлық мекемелер орындауы тиіс!

Ұсыныстарымыз:

1.Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада қабылдау қажет!

2.Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен сайттардың, басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату керек!

3.Ұлттық рухымызды көтеру үшін жыл сайын 31 мамырда “Алашқа тағзым” шеруін өткізуге әкімдердің кедергісі тоқтатылсын.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының мүшелері:

Қ. Иса,

А. Перуашев,

Д. Еспаева,

Е. Барлыбаев,

Е. Бейсенбаев

А. Садықов

«Amanat» фракциясы мүшелері:

М.Рожин,

Н.Сәрсенғалиев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған