ТІРЛІКТЕ ІСКЕ АСПАҒАН ТІЛ ЗАҢЫН БАНКРОТ ДЕП ЖАРИЯЛАУ ҚАЖЕТ! – Қазыбек Иса
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ТИІСПІЗ!
2020 жылы Ассамблеяда еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.
Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.
Бүгін біздің елде ең алғаш 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған “Тіл туралы заңға” 34 жыл болды.
Бұл Кеңес империясына отар кезіміздегі қабылдаған алғашқы заң еді.
Одан кейін Тәуелсіздік алған соң 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы тiл туралы” заңы да сол 1989 жылғы Кеңес империясы кезіндегі заңнан еш айырмашылығы жоқ, одан әрі болмаса, бері бола қойған жоқ. Тіпті заңның аты да, заты да өзгерген жоқ!
Осы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған “Тіл туралы заңда” тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбеген. Ал енді одан бері 26 жылда- ширек ғасырдан астам бір дәуірде қоғам мүлде өзгерді. Қазір ұлттық санамыз мүлде басқа сатыға көтерілді. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасап, жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының өмірде іс жүзінде орындалмағанын нақты баптарын санап отырып, дәлелдеп берейік.
1). «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 4-бабындағы: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
– деп айқын жазылған заң орындалды ма? Жоқ!
2).Заңның Тiлдi мемлекеттiк қорғау туралы 23-бабында:
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.
Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi.
Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.
– деп көрсетілген. Ал 30 жылда бірде бір тізім қабылданған жоқ және қабылданбайды да.
3).24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық.
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
4).9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi.
Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
5).13-бап. Сот iсiн жүргiзу тiлi.
Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
6).14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тiлi.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.
7).16-бап. Тiл – бiлiм беру саласында.
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.
Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.
8.27-бап. Тiл – халықаралық қызметте.
Осы баптардың және басқа баптары да ішінара көзбояушылықпен қағаз жүзінде ғана формальды түрде болмаса, ешқандай да жұмыс істеп тұрған жоқ.
Тіл туралы заңнан жалғыз жұмыс істеп тұрған және «Тіл туралы заңның» негізгі 4, 23 баптары түгілі, барлық бабын басып кеткен, тіпті Конституцияның 7 бабының 1-ші тармағын таптап кеткен жалғыз құдыретті бабы бар, ол Орыс тiлiн қолдану туралы – 5-бап.
«Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қаза тiлiмен тең қолданылады» деген бап.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау туралы 25-4-бап.
«Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады»-деген негізсіз бап. Заңнаманы мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске тәуелді боп тұрса, ол қандай мемлекеттік бақылау?!.
Айтпақшы, осы бұрын кәсіпкерлік нысандарында Тіл заңының орындалуын қадағалайтын функциясы жазылған бап 2013 жылы енгізіліп, 2018 жылға дейін жұмыс істемегесін алынып тасталған. Біз 2021 жылы сол бапты енгізбек болғанда үкімет қарсы болып, қабылдатпады.
Ал түгел Тіл заңының өзі жұмыс істемей тұрғанына 26 жыл болды, ендеше бұл өлі заңның не керегі бар?!.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.
Бұл да 30 жылда орындалмаған заң.
“Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” ҚР заңындағы мемлекеттік тілде ақпарат беру туралы
24-25-26-баптар да орындалмаған баптар, олар бойынша айыппұл төлету ешқашан болмаған және мүмкін емес.
Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы елдің үмітін жойған «жансыз», өлі заң.
Сондықтан бұл «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңды саяси-қоғамдық банкрот деп жариялау қажет!
Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз!
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, ол үшін Атазаңдағы тіл туралы бапты өзгерту туралы “Ақ жол” партиясы 2021 жылы және 2022 жылы екі рет депутаттық сауал жасады. 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру туралы заң жобасын ұсынғанда үкімет өткізбей қойды.
Енді биыл 2023 жылы 21 сәуірде Үкімет “Тіл саясаты тұжырымдамасы” жобасынан “Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет” деген негізгі тұжырымды алып тастаған соң, 25 сәуірде мәлімдегеніміздей,
“Ақ жол” партиясы парламенттегі бір топ депутаттармен бірігіп, Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауда.
Ал Тәуелсіздік алғалы Конституциямыздың өзі екі рет қабылданып, бірнеше рет өзгерді. Елбасы туралы заң қабылдарда 18 минутта өзгеріп кеткенін де жақсы білеміз. Былтыр 5 маусымда жалпыхалықтық референдум арқылы түбегейлі саяси өзгеріс жасалды. Ал Кеңес империясы кезіндегі заңнан айырмашылығы жоқ Тіл туралы заңымыз 26 жылдан бері әлі жансыз, қатып қалған күйде өзгермей, реанимацияда жатыр.
2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.
Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.
Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең – патриот болып мақталасың. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, -датталасың, тіпті сотталасың!
Сондықтан, “Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
Таяуда көрші туыс ел Қырғыз Республикасы Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдады. Өзбектерде Кеңес одағы кезінен бәрі өзбек тілінде сөйлейді.
Біз де “ештен кеш жақсы” дегендей, Тәуелсіздігімізге 32 жыл толғанда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Түбегейлі өзгерісті Тілден бастамасақ, тірлік дамымайтынын 30 жылымыз айқын көрсетті.
30 жылда 30 сөз үйренбегендер тек қажеттілік тудыратын заң болғанда ғана Мемлекеттік тілді мойындайтыны ақиқат!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні