Home Қоғам Әсия Төлесова бір жыл алты айға сотталды
Қоғам - 2020 ж. Тамыз 12

Әсия Төлесова бір жыл алты айға сотталды

12 тамыз күні Алматының Медеу аудандық соты азаматтық белсенді Әсия Төлесованың бостандығын бір жыл алты айға шектеу туралы үкім шығарды. Сонымен бірге белсендіні сот шығынын өтеп, жәбірленушілер қорына шамамен 41 мың теңге төлеуді міндеттеді.

Онлайн режимде өткен сот процесін жүргізген судья Тәкен Шәкіров Төлесованы Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» және «Билік өкіліне күш қолдану» баптары бойынша айыпты деп таныды.

«Сот Әсия Төлесованы 378-баптың 2-бөлімі бойынша кінәлі деп тауып,  20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 55 560 теңге көлемінде айыппұл сау туралы үкім етті. 380-баптың 1-бөлімі бойынша кінәлі деп тауып,  1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесу туралы үкім етті», – деді үкімді оқыған судья Шақыров.

Судья Шәкіров екі айдан бері тергеу абақтысында қамауда отырған Әсия Төлесованы босатуды бұйырды.

Әсия Төлесованың бас бостандығын шектеу жазасы ол қамауға алған мерзім, яғни 8 маусымнна басталады. Үкімге сәйкес, Төлесова пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жері мен жұмысын ауыстыра алмайды.  Басқа жерлерге пробция қызметінің рұқсатынсыз шыға алмайды.

Әсия Төлесованың үстінен қылмыстық іс қозғауға оның 6 маусым күні рұқсат етілмеген митинг кезіндегі әрекеті түрткі болған. Ішкі істер министрлігіне тиесілі Polisia.kz сайты Ә.Төлесова заңсыз митинг кезінде полиция қызметкеріне қарсы күш қолданғанын жазған.

Сотта Төлесовадан «жәбір көрді» делінген алты полицей жауап берді. Олардың ішінде Мейіржан Тұрғанбек Төлесова өзін автозак алдында үш рет ұрғанын айтса, полицей Нұрбек Темірханов белсенді өзін жүке алдында ұрып, бас киімін қағып түсірді деген. Нұрбек Темірханов, Тасқын Талдыбаев, Ернат Сабалақов, Ұлан Абиболла мен Тілек Төлегенов сот кезінде Әсия Төлесованың «гад, и ты гад! Мерзкие менты! Никто из вас не достоин носить форму!» деген сөздеріне қорланғанын айтқан.

Әсия Төлесова сотта бұл әрекетін полиция адамдарды жас-кәріге қарамай заңсыз ұстай бастағанда оларға араша түсіп, полиция өзіне күш қолданғанымен түсіндірген.

Әсия Төлесованың адвокаттары Төлесова Н.Темірхановтың бас киімін қағып түсіргенде оның басына қолы тимегенін айтты. Сондай-ақ қорғаушылар айыптау актісінде оқиға хронологиясы бұзылғанын, бас киімді қағып түсірген оқиғадан бұрын  автозак алдындағы оқиға алдымен болғанын айтып, соттағы видео бұрмаланып монтаждалғанын алға тартты. Сонымен қатар адвокаттар полицей Мейіржан Тұрғанбек автозак алдында Төлесованы азаматтық киімде ұстап, сүйрелеген адамға кедергі келтірудің орнына оған қосылып, белсендіні артынан ұстағанын айтқан.

Айта кетейік, 8 маусым күні Әсия Төлесованы полиция департаментіне куәгер ретінде шақыртқан. Жауап беруге Әсия Төлесованы алып қалып, уақытша қамау абақтысына қамаған.

Дереккөз: Malim.kz 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған